Мемлекет басшысы тазы тұқымын сақтауға, көбейтуге, халықаралық деңгейде насихаттауға ерекше мән беріп келеді. Биыл елімізде алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтті. Осы орайда Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында «Тазы» және «Төбет» ит тұқымдарының көрме-фестивалі өтті.

 

Ұлттық мұраны ұлықтаған іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық мұрасын насихаттау, Тазы мен Төбеттің өзіндік ерекшеліктерін таныту, асыл тұқымды иттерді кеңінен дәріптеу, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа насихаттау.

 

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ит – адамның сенімді серігі, төрт түліктің қорғаушысы, аңшылық пен саятшылық өнерінің ажырамас бөлігі болып келген. Соның ішінде тазы өзінің жүйріктігімен, ептілік қасиетімен ерекшеленсе, ал Төбет қайсарлығымен, ірілігімен, батылдығымен танылған.

 

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өткен көрмеде 20-ға жуық қазақтың жүйрік Тазылары мен айбарлы Төбеттері көпшілік назарына ұсынылды. Көрме барысында иттердің тұқымдық ерекшеліктері, дене бітімі, күтімі және өсіру мәдениеті бағаланды.

 

Аталған іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов пен Бәйдібек ауданы әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуен сөз сөйлеп, фестивальдің маңыздылығына тоқталды.

 

– Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы аясында ұйымдастырылып отырған «Тазы» және «Төбет» ит тұқымдары көрмесінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте табиғатты аялау мен ұлттық дәстүрді сабақтастыра отырып өткізілетін осындай іс-шаралардың маңызы ерекше. Биылғы жылға әзірленген республикалық және өңірлік деңгейде өткізілетін іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрме Бәйдібек ауданының көрікті мекендерінің бірі – Шұқыршақ сарқырамасы маңында өткізіліп отыр. Қазақ халқы үшін тазы мен төбет – жай ғана ит тұқымы емес, ұлттық болмысымызбен, саятшылық өнерімізбен және дәстүрлі өмір салтымызбен тығыз байланысты құндылық. Ата-бабаларымыз тазыны жүйрік аңшылық серігі ретінде бағаласа, төбетті мал күзетіп, ел-жұрттың тыныштығын қорғауға пайдаланған. Бүгінде осы ұлттық тұқымдарды сақтау, олардың генетикалық ерекшеліктерін қорғау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет, – деген басқарма басшысы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

 

Іс-шара соңында фестивальге белсене қатысқан бірқатар азаматтарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

 

Айта кетсек, «Таза Қазақстан» жобасының негізгі идеяларының бірі – қоршаған ортаны қорғауды күнделікті мәдениет пен қоғамдық құндылыққа айналдыру. Табиғатты қорғау тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Ол – табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, биоалуантүрлілікті сақтау, жануарлар дүниесіне жанашырлықпен қарау және табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін қалыптастыру.

 

Түркістан облысында табиғи аумақтарды қорғау, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі көрме осы бағыттағы жұмыстарды ұлттық дәстүрімізбен ұштастырып, табиғатты қорғау идеяларын қоғам арасында кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *